Чилманов Арман

Должность Таеквондодан (WTF) мемлекеттік жаттықтырушы

Команда Ерлер командасының құрамы

Шылманов Арман Константинович

Таеквондодан (WTF) мемлекеттік жаттықтырушы

Таеквондо Қазақстанда жаңадан аяққа тұрып келе жатқан спорт түрі болып саналады. Әрбір қазақстандық спортшының осы жекпе –жектегі жетістіктері жастардың қызығушылығын біртіндеп тудыратыны сөзсіз. ҚР халқын шығыс жекпе-жегінен селт еткізген жеңістердің бірін 2008 жылғы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарынан «қола» олжалаған, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, таеквондодан ұлттық құраманың жаттықтырушысы Арман Шылманов алып берген еді.

Ол 1984 жылдың 20 сәуірінде Қарағанды облысының Теміртау қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Жетекшінің әкесі – құрылысшы, ал анасы – үй шаруасындағы адам. Арман Шылмановтың айтуынша, спортқа деген қызығушылығы бала кезден пайда болған. Алайда шым-шытырыққа толы. Ол футболдан бастап бокспен, одан қалса күреспен айналысып, тіпті жасөспірімдер арасында бокстан өткен турнирде Жамбыл облысының чемпионы атанып үлгеріпті.

Арманның жасы он беске келгенде, ол ата-анасымен бірге Атырауға қоныс аударады. Ол жақта бозбаланың бірде-бір танысы болмай, айналысатын шаруа да табыла қоймады. Уақытты босқа өткізбес үшін ол таеквондо үйірмесіне жазылады. Күндердің күнінде оның жаттықтырушысы қалада аралас жекпе-жектен турнир өтетіндігін айтып қалды. Арман тәуекелге бел байлап, басынан өткерген бокс пен күрестен алған сабақтары мен таеквондодан ілген ілімдерінің арқасында қала чемпионы атағын жеңіп алды. Осыдан кейін бозбаланың осы спорт түріне деген қызығушылығы артып, дайындыққа аса жауапкершілікпен қарай бастады.

2000 жылы Арман Шылманов жасөспірімдер арасында чемпион атанды. Осыдан барып оның Қазақстан Республикасындағы кезекті жеңістері 2005 жылға дейін жалғасын тапты. Содан бері балуанды қазақ топырағында бірде-бір адам жеңе алмады. 2002 жылы ол Атырау облысындағы таеквондо федерациясының спортшысы болды.

Балуанның түрлі әлемдік және құрлықтық біріншіліктердегі өнерін ерекше атап өтуге болады. Ол Иран (Тегеран, 2004 жыл), Германия (Бонн, 2005 жыл), ҚР Халықтарының спартакиадасы (Шымкент, 2001 жыл), Каспий маңы елдерінің универсиадасы (Атырау, 2003 жыл) сияқты халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Арман Шылманов әлем чемпионатында екі рет жеңіс тұғырының төменгі сатысына (2007 және 2009 жж) жайғасқан.

2006 жылы ол Азия чемпионы атанды. Таеквондошының өзі аталмыш жетістіктерін 2005 жылы жаттықтырушылар штабының құрамындағы кәріс маманы Че Чжен Гукпен байланыстырады. Таеквондоның отанынан келген шебер қазақстандық спортшыларға өзінің жаңа құпияларын ашты, содан барып құраманың деңгейі өрге домалай бастады. Бұған Шылмановтың жетістіктері дәлел. Оның еншісінде Азия құрлықтық біріншілігінің екі күміс (2010, 2012) және екі қола (2002, 2008) медалі бар. Сондай-ақ, ол Азия ойындарының екі қоласын (2002 және 2006 жылдары) иемденген.

Қарқынды дайындықтары мен белдесулері арасындағы аралықта Арман Шылманов 2006 жылы Атыраудағы мұнай және газ институтының мұнай факультетін тәмамдап, инженер-механик біліктілігін алып шықты. Бірақ оның өмірдегі басты құндылығы спорт болғандықтан, қазіргі таңда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті дене шынықтыру және спорт мұғалімі мамандығын оқып жатыр.

Бірақ, әрине, балуанның есімі 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасындағы қола медалімен қазақстандықтардың жадында сақталып қалды. Кейбір құлдыраулар Арман Шылмановтың 2004 жылы Афины ойындарында өнер көрсетуіне кедергі болды. Алайда бұған мойынсұнбаған Арман араға төрт жыл салып, намысын қайрай білді.

Үшінші орын үшін кубалық Анхель Матиаспен болған дода драмалық сипатта өтті. Жекпе-жек кезінде жарақат алған кубалық спортшы дәрігерлердің көмегіне жүгініп, алаңнан кетті. Ереже бойынша, спортшы шаршы алаңды бір минутқа қана тастап кете алады. Кубалық балуан бұл ережеге бағынбағандықтан, рефери оған техникалық жеңіліс жариялады. Ашуға бой алдырған спортшы төрешіге жұдырығын жұмсап, салдарынан өмір бойы спорттық бәсекелерге қатыспай, қол жеткізген барлық медальдарынан айырылды. Бұған дейін таеквондошы Сиднейде өткен Олимпиаданың чемпионы атанған еді. Бейжің Олимпиадасынан бір жыл бұрын Арман кубалық балуанға ешқандай мүмкіндік бермеген болатын. Сондықтан оның техникалық жеңіліссіз де жеңуге мүмкіндігі басым еді.

«Олимпиаданың менің өмірімде алатын орны ерекше. Мен оған қатысу үшін әрқашан да тырыстым, осы еңбектерімнің арқасында Ойындардың қоласы менің еншіме бұйырғанына шексіз ризамын. Егер мен Бейжіңде жүлдегер атанбасам, көп ұзамай спорттан кетер едім, - деп мойындады спортшы. – Осылайша мен және Лия Нуркина Бейжің Олимпиадасына екі лицензия жеңіп алдық. Штабтағылар басқа спортшылардан үміт күтпеді. Алайда мен төрт жылда бір рет өтетін әлем чемпионатында жарқын өнер көрсету мүмкіндігі беріле бермейтіндігіне көзімді жеткізіп, оңайлықпен берілмеймін деп шештім. Тіпті, егер жолым болмаса, спорттан біржола кетіп, отбасымды асыраймын деп бел буған болатынмын. Нәтижесінде барлығы да менің пайдама шешілді».

2012 жылы таеквондошының жүрегіндегі ақауларға байланысты балуан спорттық мансабын аяқтап, Қазақстандағы спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының ұйымдастырушылық қызметіне тағайындалды. Отбасымен бірге Олимпиада чемпионы Астанаға көшіп, жұмысын бастап кетті. Балуанның жұмысы кабинет пен қағаздарға тікелей байланысты болса да, ол өзінің бабын сақтап, балалар үшін мастер-класстар өткізіп тұрады.

Сондай-ақ, Арман Шылманов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадалық ойындарда Қазақстандағы осы спорт түрінің деңгейін дәлелдейтін жас балуандарымызға алаңдаулы. Алайда «үмітсіз шайтан» демекші, жас спортшыларымыз бойына сіңірген қабілеттерін сәтті көрсетеді деген сенімде.

«Қазіргі таңда Қазақстанда таеквондомен он екі мың адам айналысады. Алдағы екі жыл ішінде біз олардың санын он жеті мыңға жеткіземіз деген жоспардамыз, - деді таеквондодан ұлттық құраманың жаттықтырушысы Арман Шылманов. – Қазір біз спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының құрамына ендік. Осы бастама жауынгерлік өнердің дамуына оң септігін тигізеді деген ойдамыз. Жыл сайын Қазақстандағы таеквондоға ауқымды қаражаттар бөлінеді. Бұл жерде қаржылық көмекті тиімді жарату маңыздырақ. Әрине, бізде әлі де шешімін таппаған біраз мәселелер бар, алайда уақыт өте келе бұл қиындықтардың барлығы да артта қалады деген үміттемін».

Әлеуметтік желідегі парақшалар